National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Президент сайлауын өткізу туралы шешімге қолдау білдірген және Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасы ұсынылуын өтінген хаттар мен жеделхаттар

2015 жылғы 06 наурыз

 

Мемлекет басшысының атына еңбек ұжымдарынан, белгілі спортшылардан, денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінен, сондай-ақ елдің түрлі өңіріндегі тұрғындардан Нұрсұлтан Назарбаевтың алдағы президент сайлауына қатысуын өтінген хаттар легі әлі жалғасуда.

«Кентау трансформатор зауыты» АҚ мен «Alageum Electric» электротехникалық холдингінің еңбек ұжымы президент сайлауын өткізу туралы шешімге бірауыздан қолдау білдірген және Мемлекет басшысының сайлауға қатысуын өтінген.

«Нұрсұлтан Назарбаевқа сенім мандаты елді жүйелі дамыту мен өркендету үшін жоспарланған барлық ауқымды шараларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді», – делінген хатта.

«Тау-кен өндіру және тау-кен металлургиялық кәсіпорындардың республикалық қауымдастығы» ЗТБ жұмыскерлері Қазақстан тәуелсіздік жылдары Президенттің көреген саясаты арқылы өтпелі кезеңдегі қалыптасудың барлық қиындықтарын еңсергенін, этносаралық келісімді сақтағанын және халықаралық аренада лайықты орын иеленгенін атап өткен.

«Сіз еңбек жолыңызды Қарағанды металлургиялық комбинатында бастау арқылы Қазақстанның тау-кен металлургиялық саласын қалыптастырудың бастауында тұрдыңыз. Қауымдастықтың және барлық мүше-кәсіпорындардың атынан Сіздің кандидатураңыздың ұсынылуын сұраймыз, өйткені біз Сізді еліміздің бірден-бір Көшбасшысы санаймыз», – деп жазады авторлар. 

Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасының өкілдері елге мемлекеттің қарқынды дамуын қоғамдағы татулық пен келісімді сақтай отырып қамтамасыз етуге қабілетті дана басшы керек екенін атап өткен.

«Біздің аспанымыз ашық, алаңсыз жұмыс істейміз, бизнесті дамытып, балаларымызды өсірудеміз. Болашаққа жоспар құра аламыз. Бұл – тәуелсіз Қазақстанның Сіздің басшылығыңызбен жеткен ең басты жетістігі. Сіздің ілгерішіл басшы ретіндегі көпжылдық тәжірибеңіз елдің әрі қарай өркендеуінің, тұрақтылық пен халық бірлігін сақтаудың кепілі. Осыған байланысты Сізден Қазақстан Республикасы Президентінің алдағы сайлауында кандидатураңыздың ұсынылуын сұраймыз», – делінген хатта.

«Премьера» тұрғын-үй құрылыс кооперативінің ұжымы өз атынан және Алматы қаласының Наурызбай ауданының тұрғындары атынан Президентке өтініш жолдап, Елбасы кандидатурасының алдағы сайлауда ұсынылуын сұрайды.

«Қазір Сіздің арқаңызда қазақстандықтардың ертеңгі күнге деген сенімі мен Сіздің бағдарыңыз дұрыс екенін сезіну бар. Тәуелсіз мемлекетімізді қалыптастырудағы Сіз қабылдаған шаралардың барлығы халықтың мұң-мұқтажын жақсы білетініңізді көрсетеді. Қуатты көшбасшының арқасында ғана Қазақстан халықаралық аренада беделге және әлемдік державалардың құрметіне ие болды. Біз Сіз секілді адаммен бір уақытта өмір сүріп жатқанымызға мақтанамыз», – деп жазады авторлар.

 Қызылорда облысы Қармақшы ауданынан «Тұрмағамбет» ЖШС ұжымы мемлекет кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп отырғанын айрықша атап өткен.

«Сіз жариялаған «Нұрлы жол» бағдарламасы елдің әл-ауқатын көтеру үшін жасалған маңызды қадам екеніне сенімдіміз. Біз тәуелсіз Қазақстанды Сізбен бірге нығайтқымыз келеді», – делінген хатта.

 «Isker Company» ЖШС еңбек ұжымы Президенттің көпэтносты Қазақстан халқының бірлігін нығайтуға бағытталған қызметін толық қолдайтынын айтқан.

«Біз Сізге сенеміз, сондай-ақ өркендеу, татулық және жалпы адамзаттық құндылықтар салтанат құратын жолды таңдаймыз. Қауіпсіздік және қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсарту республикамызды дамытудың басымды бағыттары болып саналады. Сондықтан, Сіздің сайлауға түсуіңізді сұраймыз. Сізбен бірге Қазақстан міндетте түрде табысқа жетеді және әлемнің экономикалық тұрғыдан ең дамыған 30 елінің қатарына кіреді», – деп жазады авторлар.

Қаскелең қаласындағы «Хамле Компания Лтд.» ЖШС жұмыскерлері Мемлекет басшысының жұмсаған күш-жігерінің арқасында елде қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқанын айтады.

«Қазақстанның жарқын болашаққа қажетті зор әлеуеті бар, сол себепті де біз Президент сайлауының өткенін қолдаймыз және нақ Сіздің кандидатураңыздың ұсынылғанын қалаймыз», – делінген хатта.

«Алматыкiтап баспасы» ЖШС жұмыскерлері Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының арқасында Қазақстан бұрынғы кеңестік кеңістікте экономикалық дамудағы көшбасшы ғана емес, әлемдік аренадағы салмақты саяси ойыншыға да айналғанын атап өткен.

«Біз әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына кірген өз елімізді мақтан тұтамыз. Сіздің басшылығыңызбен Қазақстан әлемнің дамыған 30 елінің де қатарына кіретініне сенімдіміз. Қазақстанның болашағы үшін, балаларымыз мен немерелеріміздің болашағы үшін алдағы сайлауда Сіздің кандидатураңыздың ұсынылуын сұраймыз. Біздің ұжым Сіз қабылдаған шешімді қолдайды»,  – деп жазады авторлар.

«БН-А» ЖШС көпұлтты ұжымы қазір барлық адами ресурстарды «Нұрлы жол» Жолдауында қойылған мақсаттарға жету үшін жұмылдыру керектігіне тоқталған.

«Біздің кәсіпорынның жұмысшылары алдағы Президент сайлауы қоғамды ұйыстырып, жүректерімізге ертеңгі күнге деген сенім ұялататынына бек сенімді. Біз қуатты әрі бірегей Қазақстан үшін», – делінген хатта.

«Қазақстан Республикасының ұлттық инженерлік академиясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшелері уақыт талабынан туындаған Президент сайлауын өткізу туралы шешімді толығымен қолдайтынын айтады.

«Мемлекет басшысы айқындаған жолдың дұрыстығын сезіне отырып, біз Тұңғыш Президентіміз ғана елді алдағы қиындықтардан абыроймен алып өтетініне сенімдіміз. Сізден өз кандидатураңыздың алдағы сайлауда ұсынылуын сұраймыз», – деп жазады авторлар.

«Асар» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері де Мемлекет басшысының саясатына қолдау білдіреді және оның сайлауға түскенін қалайды.

«Мүгедектер және әлеуметтік бейімделу қоғамы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері  Мемлекет басшысына мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетіліп отырған қолдау шаралары үшін алғыс айтқан және Елбасының басшылығымен Қазақстан халқы барлық мақсаттарына жете алатынын атап өткен.

«Сізден сайлауға түсуіңізді сұраймыз. Біздің әрқайсымыз Сізге дауыс беретін боламыз», – делінген хатта.

«Көмек» ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің өкілдері Нұрсұлтан Назарбаевқа ардагерлерге ұдайы көңіл бөліп, қамқорлық танытып отырғаны үшін алғыс білдіріп, Елбасын ел президенті лауазымына үміткерлер қатарынан көргісі келетіндерін айтқан.

«Тәуелсіз Қазақстан мен оның халқының игілігі үшін істеп жатқан қажырлы еңбегіңізді бәрі біледі. Сіз ел тарихының және жаңа астанасының жаңа бетін аштыңыз. Республикамызда татулық пен келісім болсын, халқымыздың игілігі арта берсін. Ал оның кепілі – Сіз. Біз елімізге, қарттығымызға алаңдамаймыз. Алдағы уақытта да солай бола берсін», – деп жазады авторлар.

Өз тілектерін білім беру саласы қызметкерлері де жолдады. Мәселен, А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің профессор-оқытушылар ұжымы мен студенттері ел президенті сайлауын өткізу  стратегиялық бағдарламаларды табысты іске асыруға септігін тигізетініне назар аударған.

Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университетінің оқытушылары мен  студент жастары Мемлекет басшысының басшылығымен еліміз әлемдік экономикадағы күрделі жағдайға байланысты қиындықтарды табысты еңсеретінін айтады. Осыған орай авторлар Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасы алдағы президент сайлауына ұсынылса деген өтінішін жеткізген.   

Қаскелең гуманитарлық-техникалық колледжінің ұжымы Мемлекет басшысына «Қазақстан-2050» Стратегиясын және «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыру үшін сенім мандатын беру қажет деп санайды.

«Біз – тұрақтылық пен өсіп-өркендеу, өскелең ұрпақтың алаңсыз болашағы жағындамыз. Біз үшін Сіз сияқты Ұлт Көшбасшысының басшылығында болу мәртебе болып саналады. Сондықтан біз Сізден президент сайлауына қатысуыңызды өтінеміз», – делінген хатта.

И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық колледжінің  педагогикалық ұжымы да президент сайлауын өткізу туралы шешімді қолдайтынын мәлімдеп, оған Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуы жөнінде өтініш айтады және ол үшін өз дауыстарын беруге әзір екендігін білдіреді.

Алматы облысы Қарасай ауданының түрлі мектептерінің мұғалімдері мен оқушылары Мемлекет басшысының тәуелсіздік жылдары Қазақстанның дамуына, оның халқының әл-ауқатын арттыруға қосқан үлесін атап өткен. Авторлар Нұрсұлтан Назарбаевтың президент сайлауына қатысуын өтініпті.

Алматы облысы Қарасай ауданының медицина қызметкерлері де көшбасшының басшылығымен еліміз даму жолында батыл қадам басып келе жатқанын айтады.

«Президент сайлауын өткізуді бірауыздан қолдай отырып, Сізден халықтың кең қолдауына ие көшбасшы ретінде оған қатысуды өтінеміз», – деп жазады авторлар.

Мәдениет саласы өкілдері де өз хаттарын жолдады. Атап айтқанда, Орыс халық әні театрының көркемдік жетекшісі М.Гранова Мемлекет басшысымен бірге еліміз барлық қиындықты еңсере алатынына сенімін білдірген.

«Біздің әрқайсымыз шын жүрегімізбен Сізді қолдаймыз, даналық үшін, еліміздегі бейбітшілік пен келісім үшін алғыс айтамыз. Мемлекетіміздің басында Сізді ғана елестете аламыз, сондықтан алдағы сайлауға қатысуыңызды өтінеміз», – делінген хатта.

Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ музыкалық-драмалық театрының ұжымы Мемлекет басшысы ұстанып отырған бағытты қолдайтындары туралы мәлімдейді.

Алматы қаласынан композитор Б.Жұманиязов пен кинотанушы Г.Көбек, Қызылорда қаласынан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Е.Уайс Мемлекет басшысына қолдау лебіздерін айтып, оған Қазақстанның жан-жақты дамуына бағытталған күш-жігері үшін ризашылық білдіреді.

Қарағанды қаласындағы «Шахтер»  клубы футболшылары Нұрсұлтан Назарбаевты алдағы сайлауда өз кандидатурасын  ұсынуға шақыра отырып,  Мемлекет басшысының арқасында Қазақстан егемендік алудан қазіргі заманның жаһандық мәселелерін шешуге дейінгі байыпты жолдан өткенін айтқан.

«Сіздің есіміңізбен Отанымыздың тәуелсіздігі тұғырының нығаюындағы ең жарқын жайттар байланысты. Біз Сізбен бірге ғана Қазақстан алға қарыштай ілгерілеп, көзделген барлық мақсатқа жететініне сенімдіміз. Сіз тікелей қатысқан жағдайда ғана еліміз жедел қарқынмен алға қойылған мақсаттарға қарай жылжи алады. Қазақстан халқы Сізге сенеді», – деп жазады авторлар.

Мемлекет басшысының бір топ сыныптасы «Нұрлы жол» бағдарламасының тиімді іске асырылуы тек Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей басшылығымен ғана мүмкін екеніне сенім білдірген.

«Осыған байланысты Сізден алдағы сайлауға түсуді өтінеміз. Ел көшбасшысы ретінде Сізбен бірге біз әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосыла аламыз деп сенеміз», – делінген хатта.

Қарағанды облысы Абай қаласының бір топ тұрғыны ел президентінің алдағы сайлауының тағдыршешті маңызына тоқталып өткен.

«Қазақстандықтардың сан мыңдаған хатына біз де өз үнімізді қосқымыз келеді. Сізден осы сайлауға міндетті түрде қатысуыңызды сұраймыз. Біз 2015 жылға тұрақтылық сезімімен, бірлесе атқару қажет зор міндеттерді сезіне отырып қадам бастық. Біз президент сайлауында біртұтас отбасы ретінде бой көрсетіп, Сізбен бірге қуатты, қарышты, заманауи мемлекет құру жолында еңбек етуге, ортақ тағдыр жолында өмір сүріп, ортақ болашағымызды өз қолымызбен жасауға әзірміз. Сіздің есіміңізбен біз Қазақстанның гүлденуін байланыстырамыз. Біздің даусымыз бен жүрегіміз Сізбен бірге», – деп жазады авторлар.

Алматы облысы Қарасай ауданындағы Ұлы Отан соғысының ардагері Ү.Тастанбекұлы Қазақстанның гүлденуіне бағытталған шаралардың табысты жалғасуы үшін Нұрсұлтан Назарбаевтың алдағы президент сайлауына қатысуының маңыздылығын айтады.

Алматы облысы Үшқоңыр ауылында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері В.Шустов еліміздегі бейбітшілік пен өркендеу Қазақстан Президентінің еңбегі екенін атап өткен.

«Мен өз ауылымның көнекөз тұрғыны ретінде алдағы сайлаудан Сіздің кандидатураңызды көремін және қолдаймын. Сіз лайықты адамсыз. Көзделген мақсаттарды іске асыру оңай шаруа емес. Барлық істі аяғына дейін Сіз ғана жеткізе алады деп есептеймін», – делінген хатта.

Ақтөбе қаласының тұрғыны, еңбек ардагері Л.Чичаева Мемлекет басшысының қысқа мерзімде өз еңбегі және сындарлы саясаты арқылы Қазақстанды берекелі және бүкіл әлемге белгілі елге айналдыра алғанын атап өткен.  

«Сіз ғана Қазақстанды өсіп-өркендеген ел, ал халықты бақытты ете аласыз. Сіз – жаһандық және бәрін қамтитын идеялардың ел игілігі жолында күні-түні жұмыс істейтін ең қуатты генераторысыз», – деп жазады автор.

Қызылорда қаласындағы  «Сыр медиа» ЖШС Бас директоры А.Оңғарбаев өңірдің журналистер қоғамдастығы атынан Мемлекет басшысы төңірегіне топтасуға әзір екендіктерін білдіре келіп, оны президент сайлауына өз кандидатурасын ұсынуға шақырады.

Жамбыл облысы Ақбұлым ауылының тұрғыны С.Тоқбаев ауыл тұрғындарының табыстары туралы айта келіп, Мемлекет басшысының бастамаларын нақты іспен қолдауға дайын екенін атап көрсеткен. Президенттік сайлау өткізу туралы шешімді қолдаған авторлар Мемлекет басшысын сайлауға түсуге шақырған.

Талдықорған қаласының тұрғыны Т. Байбұқашева қаладағы барлық аналардың атынан президенттік сайлау өткізу туралы шешімді қолдайтынын және сайлауға Нұрсұлтан Назарбаев қатысады деп үміттенетінін жеткізген.

Екібастұз қаласының тұрғыны М.Каримов Мемлекет басшысының президенттік сайлауға қатысуы маңызды екенін атай отырып, өз дауысын Нұрсұлтан Назарбаевқа беруге дайын екенін мәлімдеген.

Алматы облысының Қарасай ауданының тұрғыны А.Бекбаева, Астана қаласынан Е.Әмірғалиев, Көкшетау қаласынан Е.Құрманғалиұлы ел экономикасының өсімінен, халықтың әл-ауқатының артуынан байқалып отырған жетістіктерге тоқталған. Осыған байланысты авторлар Мемлекет басшысы президент сайлауына қатысуы тиіс деп санайтындарын айтқан.

Көкшетау қаласындағы №1 орта мектептің 8-сынып оқушысы Т.Бапхоева Мемлекет басшысының кандидатурасы ұсынылуын өтініп, хат жазған. 

«Мен президент сайлауында дауыс беруге әлі қатыса алмаймын, бірақ Қазақстанда тыныштық пен тұрақтылық болғанын қалаймын. Сіз басқарған Қазақстан ғана бұдан әрі де табысқа жетіп, өркендей алады. Елдегі татулық пен бақ-берекенің кепілі Сіз ғана бола аласыз», – делінген хатта.

Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын  тағайындауға байланысты келіп жатқан хаттар легі жалғасуда.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару

Заңдар

2024 жылғы 06 сәуір

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды


Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысының су басқан аумақтарын тікұшақпен аралап көрді

2024 жылғы 16 сәуір

Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысының су басқан аумақтарын тікұшақпен аралап көрді

Жарлық

2024 жылғы 01 сәуір

Ә.А. Смайыловты тағайындау туралы


Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің