National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Президент сайлауын өткізу туралы шешімге қолдау білдірген және Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасы ұсынылуын өтінген хаттар мен жеделхаттар

2015 жылғы 05 наурыз

 

Мемлекет басшысының атына еңбек ұжымдарынан, белгілі спортшылардан, денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінен, сондай-ақ елдің түрлі өңірлеріндегі тұрғындардан Нұрсұлтан Назарбаевтың алдағы президенттік сайлауға қатысуын өтінген хаттар легі әлі жалғасуда.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ мыңдаған адамдық ұжымы Мемлекет басшысы таңдаған бағытты қолдайтынын мәлімдей отырып, Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына енуі жөніндегі стратегиялық мақсатқа жету үшін бар күштерін жұмылдыратынына сендірген.

«Біз бақ-берекемізді және болашағымызды Сіздің есіміңізбен ғана байланыстырамыз. Сондықтан Сіздің кандидатураңыздың Қазақстан Республикасы Президенті лауазымына ұсынылғанын қалаймыз», – делінген хатта.

Алматы қаласынан «Белкамит» машина жасау зауытының жұмысшылары еліміздің барша тұрғындарымен бірге Мемлекет басшысының тұрақты экономикалық дамуды қамтамасыз еткен дана саясатына куә болып отырғанын айтады.

«Біз президенттік сайлау өткізу мәселесін толық қолдаймыз. Көреген әрі әділ саясаткер ретінде Сіз ғана елді бұдан әрі де дұрыс бағытта алып жүре аласыз», – деп жазады авторлар.

«Қазақтелеком» АҚ Атырау облыстық телекоммуникациялар дирекциясының мың жарым адамдық ұжымы да Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік сайлауға түскенін қалайтынын жеткізген.

«Еліміздің барлық жетістіктері, Қазақстанның әлемдік қоғамдастыққа танылуы, мемлекеттегі осынау күрделі кезеңдегі тұрақтылық Сіздің атыңызбен байланысты. Біз мемлекеттің басында Сіз секілді беделді көшбасшы тұруы тиіс деп санаймыз. Біз Сізге сенеміз», – делінген хатта.

Қостанай облысынан «Светлый Жарколь» ЖШС жұмысшылары Қазақстан Президентінің басшылығымен еліміз келісім мен гүлдену жолында келе жатқанын айтады.

«Барлық қазақстандықтар сияқты біз де Сіздің кандидатураңыздың президенттік сайлауда ұсынылғанын қалаймыз. Жоспарланған мақсаттың бәрі Сізбен бірге болғанда ғана жүзеге асатынына сенімдіміз», – деп жазады авторлар.

Қызылорда қаласынан «Жан-АрайЖем» ЖШС ұжымның мүшелері елде президенттік сайлау өткізу туралы шешімді қолдайды.

«Әлемдік экономикадағы түйткілдерді еңсеру үшін елде «Нұрлы жол» және индустриялық-инновациялық дамудың екінші бесжылдығы секілді бағдарламалар жүзеге асырылуда. Оларды табысты жүзеге асыру үшін Сіздің тікелей қатысқаныңыз қажет», – делінген хатта.

Қостанай облысынан К.Маркс атындағы ЖШС жұмысшылары Еуразиялық экономикалық одақтың жұмысын бастауына байланысты ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер кедергілердің азайып, мүмкіндіктердің ұлғайғанын сезініп отырғанын айтады.

«Отанымыздың ұлы болашағы туралы армандай отырып, күрделі кезеңде Сіз уақыт жүктеген жауапкершілікті мойынға алдыңыз және халықты жетістіктер мен табыстар жолына бастадыңыз. Бұл бізге Сіздің кандидатураңыздың Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауына ұсынылуын өтінуге құқық береді, – деп жазады авторлар.

Президенттік сайлау өткізу шешімін қолдап, сайлауға Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуын өтінген хаттар елдің белгілі спортшыларынан да келді. Мәселен, Қазақстан ауыр атлетика федерациясының мүшелері, олимпиада чемпиондары И.Ильин, З.Чиншанло, М.Манеза, С.Подобедова қазақстандық спорттың халықаралық аренадағы жеңістері елдегі экономикалық тұрақтылықтың және этносаралық келісімнің жемісі екенін атап өткен.

«Әлемдегі ахуал біздің республикамызға қуатты әрі беделді көшбасшыны қажет ететін жағдай туғызып отыр. Сізден алдағы Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауына қатысуды сұраймыз. Сіз ел мен халықты барлық сынақтардан алып өтетініңізге, Қазақстан Сіздің басшылығыңызбен орнықты дамуын жалғастыратынына сенімдіміз», –делінген хатта.

Қызылорда облысының «Ана мен бала» орталығының ұжымы да денсаулық сақтау саласын дамытуға көңіл бөлініп отырғаны үшін алғыс айтып, соның арқасында өңір тұрғындары білікті медициналық көмек алатынына тоқталған.  Авторлар елді дамытуға бағытталған міндеттерді одан әрі жүзеге асыру үшін Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік сайлауға қатысуы маңызды екенін атап өткен.

Елдің жекелеген азаматтарынан да көптеген хаттар келіп түсуде. Мәселен, Орал қаласынан «Зерде-Память» корпоративтік қорының төрағасы Қ.Төлебаев күрделі геосаяси және экономикалық жағдайда мемлекетімізді басқару Нұрсұлтан Назарбаев сияқты көреген әрі дана саясаткердің ғана қолынан келетінін айтқан.

«Сіздің Президенттік сайлауға түсуіңізді сұраймын, өйткені халық Сізді толық қолдайды», – деп жазады автор.

Оңтүстік Қазақстан облысы Ынтымақ ауылынан хат жазған Тыл және еңбек ардагері Ө.Ақназаров президенттік сайлау өткізу туралы шешімге қолдау білдіріп, Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасының ұсынылуын сұрайды және оған дауыс беретінін айтады.

Шығыс Қазақстан облысы Қалбатау ауылынан ардагер М.Мұқашев республикамыз Елбасының басшылығымен зор табыстарға жетіп, әлемде танымал болғанына тоқталған. Осыған орай автор Нұрсұлтан Назарбаевтың алдағы сайлауға түсуін өтінген.

Қарағанды қаласының тұрғыны, зейнеткер Р.Будник Мемлекет басшысына барлық қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жемісті қызметі үшін алғыс айтып, Елбасы президенттік сайлауға қатысса екен деген тілегін жолдаған.

Қостанай облысы Матросов ауылынан хат жазған Д.Ахметжанов та Мемлекет басшысы алдағы президенттік сайлауға түссе деген тілегін айтып, оның жеңіске жететініне сенім білдірген.

Алматы қаласының тұрғыны Р.Смакова да Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік сайлауға қатысқанын қалайтынын, оның кандидатурасына дауыс беру арқылы еліміз әлемдік дағдарыстан қорғалуын қамтамасыз ететінін атап өткен.

Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын  тағайындауға байланысты келіп жатқан хаттар легі жалғасуда.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің