Жаңалықтар

22 желтоқсан 2005
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына мемлекет басшылары мен халықаралық ұйымдар басшыларының атынан сайлаудағы жарқын жеңісіне арналған құттықтаулар легі толастар емес.

Қазақстан басшысына деген өзінің игі тілектері мен құрметін Сауд Арабиясының Королі, Екі Киенің Сақтаушысы, Абдулла бин Абдулазиз Аль-Сауд жеткізді. – Мәртебелі Сізге Қазақстан халқының артқан сеніміне байланысты достық тілектерімді білдіремін. Мәртебелі Сізге өз халқыңызға қызмет етуде табыс және өзіңіз құлшыныс білдірген игілікті мақсаттардың жүзеге асуын тілеймін, - делінген жеделхатта.

 
Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Пәкістан Президенті Первез Мушарраф пен осы елдің Премьер-Министрі Шаукат Азизден құттықтаулар келіп түсті.  
- Сіздің айқын жеңісіңіз Қазақстан халқының Сіздің ел басқарудағы серпінді іс-әрекетіңізге деген орасан зор сенімін айғақтайды. Сонымен бірге бұл елді түрлі салаларда өркендетудегі Сіздің көреген саясатыңызға берілген жоғары құрмет. Мен Сізбен бірге біздің халықтарымызды одан әрі жақындастырудағы жұмыстарды бірлесе жалғастыра беруге қуаныштымын, - делінген Первез Мушаррафтың жеделхатында.  
- Қазақстандықтардың басым бөлігінің Сізге берген дауыстары Сіздің көшбасшылығыңызды бүкілхалықтық қолдаудың айқын дәлелі. Бұл Сіз бастап келе жатқан өркендеу мен жаңару жолында қол жеткізген нық ұстанымның көрсеткіші, - деп атап көрсетеді өз құттықтауында Шаухат Азиз.

 
Сайлаудағы жеңісіне арнаған құттықтау Үндістан Президенті А.П.Дж.Абдул Қаламнан келіп түсті.  
- Аса мәртебелім Сізді Үндістан халқының және өз атымнан қайта сайлануыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Осы кезең біздің халықтарымыз арасындағы өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықтың одан әрі жалғасын таба беретініне сенімдімін, - делінген Үндістан басшысының құттықтауында.

 
Мемлекет басшысының атына Иран Ислам Республикасының Президенті Махмуд Ахмадинажадтан құттықтау келіп түсті.  
- Аса мәртебелім, Сізді халықтың басым бөлігінің қолдауы және сайлаушылардың белсенді қатысуы арқасында қол жеткізген осы тамаша жеңісіңізбен құттықтаймын. Жаратқаннан Аса мәртебелім Сізге үлкен табыстар, ал керемет Қазақстан халқына бақыт пен береке тілеймін, - деп атап көрсетіледі жеделхатта.  
Иран Президенті сондай-ақ «екі достас және бауырлас елдер қарым-қатынастарының» одан әрі дами беретініне сенім білдіреді.

 

- Сізді Қазақстан Президенті лауазымына қайта сайлануыңызбен құттықтау маған зор қуаныш сезімін туғызады. Біздің елдеріміз арасындағы достық қарым-қатынастарды одан әрі нығайтудағы бірлескен жұмыстарымыз өз жалғасын таба беретініне үміт білдіремін, - деп атап көрсетеді өз құттықтауында Руней сұлтаны Даруссалам Сұлтан Қажы Хассанал Болкиях.

 
Мемлекет басшысының атына Венгрия Республикасының Президенті Ласло Шойомадан құттықтау келіп түсті.  
- Сіздің республикаңыздың азаматтары Сізге көрсеткен сенім менің пайымдауымша, Сіздің экономикалық, саяси және әлеуметтік реформаларды жүргізуге, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға, сонымен қатар халықтың әл-ауқатын одан әрі арттыруға бағытталған күш-жігеріңізді жалғастыра беруге мүмкіндік туғызады, - делінген жеделхатта.

 

Мемлекет басшысының атына Еуропалық Одақ Кеңесінің Бас Хатшысы – жалпы сыртқы саясат жөніндегі Жоғарғы өкілі Хавьер Соланадан құттықтау келіп түсті.  
- Сіздің басшылығыңызбен Қазақстан елге қажетті реформаларды іске асыру және халықтың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етудегі ұзақ жолды жүріп өтті. Мен Сізге Қазақстанды одан әрі демократияландыруды және өркендеуді қамтамасыз ету бойынша жалғаса беретін қызметіңізге табыстар тілеймін. Еуропалық Одақ Қазақстанға осы айқын мақсаттарын іске асыруда қолдау көрсетуге дайын екендігін білдіреді. Мен Қазақстанның Еуропалық Одақпен Орталық Азиялық өңір арасындағы екіжақты және жан-жақты тығыз ынтымақтастықты дамытуда көшбасшылық роль атқаратынына күмән туғызбаймын, - делінген құттықтауда.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар