Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия отырысы өтті


Отырысты ашқан Г.Әбдіқалықова Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы жолдаудағы «Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуға тиіс» деген сөзіне баса назар аударды.

– Ұлттық комиссия жұмысының маңызды бағытының бірі отбасылық құндылықтарды әсіресе жастар арасында нығайту болып саналады, – деді Мемлекеттік хатшы.

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» пилоттық жобасын жүзеге асыру қорытындысы жөнінде мәлімет берді. Оны жүзеге асыру барысында Шымкент қаласы мен Түркістан облысы әкімдіктерінде Отбасы, жастар және балалар істері жөніндегі басқармалар ашылды. Шымкентте «Медициналық психологиялық оңалту орталығы» құрылды. Түркістан облысының 14 ауданында және Шымкент қаласында «Халықты әлеуметтік-психологиялық қолдау қызметтері» ашылды. 2018 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша, оларға заңдық және әлеуметтік мәселелер бойынша консультация беріліп, 865 адамға психологиялық көмек көрсетілді.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру бойынша Алматы облысының 2017-2019 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының орындалуы жөнінде баяндама тыңдалды. Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында 160 адам жұмысқа орналасып, 127 адам жолдама алған, 142 адам қайта даярлау курстарына қабылданды. Биылғы 10 ай ішінде «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша 23 әйел пайыздық мөлшерлемені субсидиялау түрінде жалпы құны 763 млн теңгеден асатын мемлекеттік қолдауға ие болды. Жастар ресурстық орталықтары жанынан Алматы облысының жас отбасыларын қолдау клубтары ашылды. Олардың жұмысы отбасы құндылықтарын қалыптастыруға және нығайтуға, ажырасулардың алдын алуға бағытталған.

Қоғамдық даму министрлігі Отбасыны дамыту мен қолдаудың 2019-2024 жылдарға арналған жол картасының жобасымен таныстырды. Онда отбасын құру мен дамытудың барлық кезеңіндегі ведомствоаралық кешенді жұмыстар қарастырылған.

Басқосуда 2018 жылғы жұмыс қорытындысы мен 2019 жылға арналған жұмыс жоспары қаралды.

Жиын соңында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма берді.


Барлық жаңалықтар